«Ғасырлар даналығы». Аристотель

Аристотель – ежелгі грек философы, Платонның шәкірті, Ескендір Зұлқарнайынның (Ұлы Александр) ұстазы, «адамзаттың бірінші ұстазы» деген құрметті атаққа ие. Ол ғылым мен парасаттың көптеген тақырыптарын жүйелі әрі жан-жақтылы зерделеп, жаратылыс пен өмірдің түрлі құбылыстарына нақты ғылыми зерттеулер жасап, артына сүбелі еңбектер жазып қалдырды. Аристотель ғылымның көптеген саласының алғашқы негізін қалады, олардың арасында физика, метафизика, поэтика, театр, музыка, логика, риторика (шешендік өнері), саясат, этика, эстетика, биология, зоология және экономика қатарлылар айрықша аталады. Ол қалдырған философиялық пайым жүйесі мен ғылыми зерттеу дәстүрі кейінгі мұсылмандық және христиандық мәдениетке, шығыс-батыс өркениетіне айрықша ықпал етті. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өзінің «Ескендір» поэмасында Ескендірдің көзтоймастығына салыстырмалы Аристотельдің ғажайып даналығын айқын сипаттайды. Сократ, Платон, Аристотель үштігі ежелгі грек философиясының шыңы ретінде айырықша құрметпен аталады.

Аристотель ең алғаш этика, эстетика, логика, ғылым, саясат және метафизика сияқты мәселелерді толық қамтитын жан-жақты философиялық жүйені құрды. Оның физикалық көзқарастары ортағасырлық ғылымның қалыптасуына терең әсер етіп, ренессанс дәуіріне дейін созылды. Бірақ кейін ол Ньютон физикасына орын берді. Оның алты кітаптан тұратын «Органоны» ойлау әдісін қарастыратын логиканы тұңғыш рет философиялық деңгейге көтерді. Оның еңбектерінде ең алғашқы логикалық зерттеулер жасалған, соның негізінде ХІХ-шы ғасырда формальды логика ғылымы қалыптасты.