Бас қаладағы театр тынысы. «Кино. Театр»

Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен ырғалып-жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса, әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде. Әрбір өнер өзінің туып-өсу жолында, анайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттың барлығын берген болады. Сондықтан елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезінде, өз елінің әдет-салтын, ұғым-нанымын, мақсұт-тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте қабылдайтын болған. Бұл хәлден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.